МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚ ТЕОРИЯСЫ. КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ӘКІМШІЛІК ҚҰҚЫҚ
Қазақстан Республикасының Әкімшілік процедуралық-процестік кодексіндегі сәйкестілік қағидатының маңызы туралы: теория мен тәжірибе мәселелері
DOI:
https://doi.org/10.54649/2077-9860-2025-4-25-31Аңдатпа
Мақалада Қазақстан Республикасының Әкімшілік процедуралық-процестік кодексінің 10-бабында бекітілген сәйкестілік қағидатын (оның құрамдас элементтері – жарамдылық, қажеттілік және пропорционалдылық) іске асырудың теориялық және тәжірибелік қырлары талданды. Зерттеу аталған қағидатты Қазақстандағы әкімшілік сот ісін жүргізуде жүйелі түрде қолдану мәселелері тұрғысынан, сондай-ақ оның пропорционалдылық ұғымымен терминологиялық арақатынасына қатысты доктриналық пікірталастар және XIX ғасырдағы пруссиялық полиция құқығынан бастау алатын тарихи тамырлары аясында жүргізілді. Мақалада заңдылықты формалды түрде сақтау талабынан бәсекелес мүдделерді теңгерудің құралы ретіндегі қазіргі заманғы сәйкестілік қағидатын түсінуге дейінгі ғылыми көзқарастар эволюциясы қарастырылды. Бұл тұжырымдама неміс ғалымдары Р. Краусс пен П. Лерше еңбектерінде дамытылған. Зерттеудің эмпирикалық негізін Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының № 7194-25-00-4/315 іс бойынша «Үздік ғылыми қызметкер – 2024» конкурсының қорытындыларын даулау жөніндегі шешімін талдау құрайды. Аталған мысал арқылы қағидаттың әрбір элементін сақтамаудың салдары көрсетіледі: сот актісінің нақты орындалу мүмкіндігін бағаламау, құқықтарды қорғаудың баламалы тәсілдерін елемеу, сондай-ақ талапкер мен сыйлықтың 50 лауреатының мүдделері арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуы. Бұл жағдай сот актісін орындаудың мүмкін еместігіне әкеліп, үшінші тұлғалардың құқықтарына қауіп төндірген.
Жүргізілген талдау Қазақстан Республикасының ӘППК-нің 10-бабын қолданудағы формалдық тәсіл сәйкестілік қағидатының құқық қорғаушылық әлеуетін төмендететінін көрсетеді. Осыған байланысты әкімшілік сот ісін жүргізуде сот актілерінің заңдылығын қамтамасыз ету және жария әрі жеке мүдделердің теңгерімін сақтау мақсатында сәйкестілік қағидатының барлық элементтерін жүйелі түрде қолданудың қажеттілігі негізделеді.