ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰҚЫҚ ЖӘНЕ САЛЫСТЫРМАЛЫ ҚҰҚЫҚТАНУ
Қазақстан Республикасы мен Ұлыбританиядағы лотереялар және лотереялық қызмет туралы заңнамаға салыстырмалы-құқықтық талдау
Кілт сөздер:
лотерея, лотереялық қызмет, құмар ойындар, салыстырмалы-құқықтық талдау, Ұлыбритания, лицензиялау, құқықтық реттеу, United Kingdom, legal regulationАңдатпа
Зерттеудің мақсаты Қазақстан Республикасы мен Ұлыбританиядағы лотереялық қызметті реттейтін негізгі құқықтық нормаларға салыстырмалы-құқықтық талдау жүргізу болып табылады. Жұмыстың әдіснамалық негізін жалпығылыми және арнайы заңдық әдістер, оның ішінде салыстырмалы-құқықтық және формальды-заңдық әдістер құрайды. Жүргізілген талдау нәтижесінде екі елдегі лотереялық қызметті құқықтық реттеу тәсілдерінде түбегейлі айырмашылықтардың бар екендігі анықталды. Қазақстан Республикасында қатаң мемлекеттік реттеу моделі қолданылады, ол бірыңғай оператор қызметін, рұқсат етілген лотерея түрлерінің шектеулі тізбесін (жедел және тираждық) және міндетті әлеуметтік аударымдарды көздейді. Ал Ұлыбританияда, керісінше, коммерциялық ұйымдардың қатысуына мүмкіндік беретін лицензиялық модель қолданылады, онда лотерея ұғымы мен оның түрлері (қарапайым және күрделі) заңнамалық тұрғыдан егжей-тегжейлі айқындалып, процестердің кездейсоқтық сипатын қамтамасыз етуге басымдық беріледі. Анықталған айырмашылықтар әрбір мемлекеттің құмар ойындарды реттеу және қоғамдық мүдделерді қорғау саласындағы мемлекеттік саясатының ерекшеліктерімен түсіндіріледі. Қазақстандық модель күшейтілген мемлекеттік бақылауға негізделсе, британдық модель кәсіпкерлік еркіндік пен мемлекеттік қадағалау арасындағы теңгерімге негізделген. Салыстырмалы талдау әрбір тәсілдің артықшылықтары мен шектеулерін бағалауға, сондай-ақ ұлттық заңнаманы жетілдірудің ықтимал бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді. Зерттеу барысында Қазақстан заңнамасының лотереяларды өткізуге қатысты неғұрлым императивтік және егжей-тегжейлі рәсімдік талаптарды қамтитыны анықталды, оның ішінде тираждық комиссияларды міндетті түрде құру және тираж нәтижелерін жариялау талаптары бар. Өз кезегінде, британдық заңнама негізінен лотерея ұйымдастырушылары мен операторларының қызметін реттейтін тыйым салу және лицензиялық талаптарды белгілеуге бағытталған. Зерттеудің тәжірибелік маңыздылығы анықталған шетелдік құқықтық тетіктерді Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіруде, атап айтқанда лотереялық қызметті лицензиялау тәртібін оңтайландыруда лотерея ұғымын нақтылауда және заңды жауапкершілік шараларын саралауда пайдалану мүмкіндігімен айқындалады.